Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 60-қа жуық энергетикалық нысанның құрылысы жүріп жатыр
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Энергетиктер күніне орай «KEGOC» АҚ «Оңтүстік жүйеаралық электр желілері» филиалында орналасқан облыстық диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты.
Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Сала мамандарын мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі облыстық диспетчерлік орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысы бекіткен «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылуда. Осы тұжырымдамаға сәйкес биыл Сайрам мен Қазығұрт өңірінде екі шағын су электр стансасы іске қосылды. Сонымен қатар, Шымкент Орталық Азиядағы биогаз қондырғысы іске қосылған алғашқы қала болды. Осымен қатар Сарыағаш және Мақтаарал өңірлерінде екі ірі күн электр станциясының құрылысы басталды.
2018 жылы Төлеби ауданында қуаты 2,5 мегаватт шағын су электр стансасын пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 мегаватт шағын су электр стансасын, Отырар ауданында 35 мегаватт күн электр станциясын салу жоспарлануда.
Айта кету керек, 2017-2021 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстың елді мекендерін сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес 2021 жылға дейін барлығы 361 990 адам тұратын 198 елді мекенді сапалы электр энергиясымен қамту жоспарлануда.
Сондай-ақ Оңтүстік өңірінде 14 ірі қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде. Бұл бағытта 2017 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 15,1 млрд. 59 нысанда (101 елді мекенде) құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде Сарыағаш ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 жобаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан 2,3 млрд. Биыл 47 нысанның, 2018 жылы 12 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Осы жобаларды толық жүзеге асырудың арқасында облыстағы 85 елді мекенде тұратын 87 мыңнан астам тұрғын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілетін болады.
Оның үстіне 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайтын 110 кВ «Алатау» және «Ақжар» қосалқы станцияларын салу жоспарлануда.