Қазақстандағы ауыл тұрғындарының баспана құнының жартысын мемлекет төлейтін болады
Қазақстанда ауылдардағы тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың жаңа тәсілі әзірленді. Бұл қазақстандықтардың ауылда тұруға деген қызығушылығын арттырып, білікті мамандарды тартуға септігін тигізеді, дейді жобаны әзірлеушілер.
Жобаның мәні мынада: жұмыс беруші ауылдағы жұмысшылар үшін өз қаражатына баспана салып бере алады, ал үй пайдалануға берілгеннен кейінгі шығынның 50 пайызын мемлекет өз мойнына алады. Бұл туралы Индустрия министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сонымен қатар, үйдің жалпы ауданы 100 шаршы метрден, ал 1 шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспауы керек. Тұрғын үйді жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне жалға береді. олармен 5 жылдан кем емес еңбек шарты жасалған», — делінген ведомство хабарламасында.
5 жылдан кейін жұмыс беруші тұрғын үйді жұмыскерге республикалық бюджеттен төленетін субсидия сомасын есепке алмаған бағамен сата алады.
Еліміздің 76 ауданында шамамен 2855 үй салу жоспарлануда. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерде жалға берілетін үйлер салуға жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларының жобасы әзірленді. Құрылыстың жаңа механизмі қазақстандықтардың ауылда тұруға деген қызығушылығын арттырады, сонымен қатар ауылға білікті мамандарды тартады, деп есептейді ведомство.
Биыл «Нұрлы жер» бойынша несие алушылардың саны екі есеге артады
Дереккөз: satellite.kz