Таразда жаңа шағын аудандар бой көтереді
Таразда облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың қатысуымен өткен қала құрылысы кеңесінің отырысында 14-ші және 15-ші шағын аудандардың тұсауы кесілді.
Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Заманауи жаңа 14-ші және 15-ші шағын аудандар облыс орталығына жаңа сәулеттік келбет береді. 14-ші шағын аудан автовокзалға жақын, ал 15-ші аудан Сүлейменов көшесінің соңында орналасқан.
«Жалпы 350-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ медициналық орталықтар, спорт, білім беру және қоғамдық нысандар салу жоспарлануда», – делінген хабарламада.
Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша 14 шағын аудан аумағында сауда ойын-сауық және спорттық-сауықтыру кешендері, балабақша, орта мектеп, балаларды сауықтыру орталығы, емхана, 200 орындық онкологиялық диспансер, екі диагностикалық орталықтар, қонақ үйлер, кеңселер мен мейрамханалар, жиһаз және ғимарат гипермаркеттер, «Бәрі үй үшін» дүкені, неке сарайы, алаң және саябақ, қоғамдық көлік аялдамасы, серуендеуге арналған жағалау және барбекю беседкалары. Сондай-ақ, типтік жоба бойынша жеке тұрғын үйлер салу үшін болашақ 15-шағын ауданның орнында 922 жер телімі анықталды.
Әрбір жеке тұрғын үйдің ауданы 125, 116 және 80 шаршы метрді құрайды. Қазірдің өзінде инженерлік желілер мен 80 пәтерлік жеті тұрғын үйдің құрылысы басталып, келесі жылы пайдалануға беріледі. Жиын барысында 32,7 мың адам тұратын екі өрт сөндіру бекеті қарастырылғаны айтылды. Қазіргі уақытта инженерлік желілер даму сатысында, электр желілерінің жүктемесі әлі есептеліп жатқаны баса айтылды. Барлық желілер – аяқталу сатысында, Жылумен қамту 2018 жылы толық жолға қойылады деп жоспарлануда.
Жыл сайын облыс орталығында ғана емес, Жаңатас сынды шағын қалаларда да инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жаңартылуда. «ЕвроХим» халықаралық минералды-химиялық компаниясының келуі кеншілер қаласына тыныс берді. Келер жылдан бастап қаладағы қараусыз қалған және тозығы жеткен тұрғын үйлерді қалпына келтіру, теміржол вокзалы аумағында логистикалық орталық құру, сауда орталығын қалыптастыру бойынша бас жоспарды жүзеге асыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде халық санын арттыру көзделуде. Облыстың қала құрылысы кеңесінің мүшелері Тараз қаласын дамытудың бас жоспарын түзету мәселесін де талқылады.