Қазақстан мен Германия сейсмология саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты азаматтық нысандардың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа өнімдерді әзірлеуде немістің MAURER SE компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат МИИР Казахстан.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде еліміздің азаматтық және өндірістік объектілерін, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы объектілерін техникалық реттеуді, жобалауды, салуды, пайдалануды және күтіп ұстауды ескере отырып, сейсмикалық оқшаулау жүйелерін тәжірибеге енгізу жоспарлануда.
Осылайша, тараптар жер сілкінісіне төзімді құрылыстың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа өнімдерді жасау, сондай-ақ қолданыстағы неміс технологияларын техникалық стандарттарға сәйкес бейімдеу бойынша өзара ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды. Маусым айында MAURER SE компаниясының шақыруымен «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары неміс компаниясының өнімдерін сынақтан өткізуге қатысады. Сондай-ақ олардың Қазақстан нарығына одан әрі шығуының техникалық мүмкіндіктері талқыланады.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас директоры Бегман Құлбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар құрылыс конструкцияларының қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
«MAURER SE ғимаратты қорғау жүйелері саласындағы мойындалған әлемдік көшбасшы және біз олардың әзірлемелерін беруге мүдделіміз. ҚазҚСҒЗИ өз тарапынан жер сілкінісіне төзімді құрылыс мәселелері бойынша Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымы бола отырып, неміс компаниясының әзірлемелерін қазақстандық заңнамаға сәйкес келтіруге көмектесуге дайын», – деді ол.
Өз кезегінде елдер арасындағы тәжірибе алмасу сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы озық жетістіктерді пайдалана отырып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.