Астанада 2000 студентке арналған 5 жатақхана салынады
Биыл Астанада 1900-ге жуық орындық 5 студенттік жатақхана салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 2025 жылға дейін жеке инвесторлар және жоғары оқу орындарының өз қаражаты есебінен 11 мыңға жуық орынды пайдалануға беру жоспарлануда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астанада студенттер жатақханаларын салу бойынша жобалық кеңсенің ашылуы өтті. Фронт-офистің негізгі міндеті студенттерді жатақхана салу және тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау, жоғары оқу орындары мен әлеуетті инвесторларға құқықтық, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету болып табылады. Жобалық кеңсенің ашылуында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі.
«Елордаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қалада 15 жоғары оқу орны бар, онда 67 мыңға жуық студент білім алады. Олардың кейбірі шетелдіктер. Тиісті министрлікпен бірлесе отырып, инфрақұрылымды құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірте-бірте жатақханаларда орын ашатын боламыз. Бұл жұмыс инвесторларды да, университеттердің де өздерін тарта отырып жүзеге асырылады. Біз өз тарапымыздан жер телімдері мен әкімшілік мәселелерге көмектесеміз», – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Биылғы жылы «Қаржы орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген жаңа механизм бойынша субсидиялау және басқа да мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Бұл механизм әр төсекке жаңа жатақхана салуға субсидия береді.
Инвесторлар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және бірқатар жоғары оқу орындары студенттер жатақханаларын салу бойынша одан әрі жемісті ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.