Су тасқынынан зардап шеккен облыс орталығының тұрғындары алғашқы пәтерлерге ие болды
Кеше Көкшетауда су тасқыны аймағында қалған зардап шеккен тұрғындарға пәтер кілттері табыс етілді, деп хабарлайды info.homsters.kz, Көкшетау әкімдігіне сілтеме жасап.
Пәтер кілтін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыстап, мемлекет шығынды барынша азайту үшін барлық шараларды қолға алып жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың мұң-мұқтаждарын шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін сіз бірінші болып пәтер алған бақытты болдыңыз. Отбасыларыңызда бәрі жақсы болып, қиыншылықтар артта қалсын», – деді Марат Ахметжанов.
Мемлекеттік қордан алғашқы баспана алғандар көпбалалы Қапаровтар отбасы мен Никулиндер отбасы болды. Алған пәтерлерді тұрғындар өздері таңдады. Пәтерде тұруға қажеттінің бәрі бар.
«Президентке біздің мәселемізді тез арада шешіп бергені үшін рахмет. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш, балалар бақытты, барлығына мың алғыс. Біз өз тарапымыздан бұл үйде тек жайлылық болуын қамтамасыз етуге тырысамыз», – деді Сәуле Қапарова.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында зардап шеккендерге барлық қажетті қолдау көрсетіліп, азаматтардың мүлкін қалпына келтіру үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын айта кетейік.
Тұрғын үй қатынастары туралы қолданыстағы заңнама аясында облыста келтірілген залалды өтеу және жою жұмыстары жалғасады. Кеше облыс орталығындағы 174 отбасына жалпы сомасы 65 миллион теңгеден астам біржолғы жәрдемақы берілді. Сондай-ақ, материалдық шығынды бағалау және өтеу комиссиясы 12 отбасына 8 миллион теңгеден астам материалдық шығынды өтеу туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта арнайы комиссия баспананың әрі қарай тұруға жарамдылығына техникалық сараптама жүргізуде.
Фото дереккөзі: – Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі