Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 114 үй салады.

235
Spread the love

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойды.

Іске асырылатын меморандум аясында Батыс Қазақстан облысында қордың қаржы қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар ұсынған типтік жоба бойынша 114 тұрғын үй салынады.

Тұрғын үйлер келесі елді мекендерде салынады:

Жымпиты ауылы – 49 үй;
Бұлдырты ауылы – 25 үй;
Өленті ауылы – 38 үй;
Жетікөл ауылы – 1 үй;
Жаңақоныс ауылы – 1 үй.

Объективті сараптама қорытындысы бойынша аталған елді мекендердегі су тасқынынан зардап шеккен бұл үйлерді жөндеуге болмайды және қалпына келтіруге жарамсыз.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі су басуға жатпайтын аумақтарда жаңа үйлер салу үшін жер телімдерін анықтап, бөлді, сонымен қатар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мен қадағалауды облыс әкімдігі жергілікті қоғам белсенділерімен бірлесіп жүзеге асыратын болады.

«Біздің жеріміз, халқымыз табиғи апатқа тап болды, оның салдары, әрине, өте өкінішті. Бірақ бірлескен күш-жігер арқылы жаңа үйлерді тез салып, қиналғандарға көмектесеміз деп сенеміз. Бұл үшін Қордан Қамқоршылық кеңестің шешімімен 10 миллиард теңге, сонымен қатар қамқор қазақстандықтар мен бизнес өкілдері бөлетін қаражат бөлінеді», – деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Лаззат Шыңғысбаева.

Еске салайық, бұған дейін Қордың Қамқоршылық кеңесі ауылдық елді мекендерге үй салуға 10 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Қор қаражаты мен жиналған ақшаға 500-ге жуық үй салуға болады.

«Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай «Қазақстан халқына» қоры БҚО Сырым ауданында тұрғын үйлер салуға көмек көрсетуде. Зардап шеккен тұрғындар баспанасыз қалмайды, мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетіледі», – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Жақын арада Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында құрылыс салынатын ауылдар мен аумақтар анықталып, тиісті меморандумдарға да қол қойылады.

Айта кету керек, 1 сәуір мен 30 сәуір аралығында қорға түскен барлық қаражат төтенше жағдайдың салдарын жоюға және ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталады. Қор өзінің ресми сайтында донорлар мен аударылған сомалар көрсетілген егжей-тегжейлі есеп береді.

Бүгінгі таңда Қордың шоттарына 2,9 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жарналары түскен. Қор сәуір айының соңына дейін қайырымдылық қаражатына салынатын үйлердің саны артады деп үміттенеді.

Қор қайырымдылық үшін Қордың https://qazaqstanhalqyna.kz/ru/donors.html ресми сайтында көрсетілген шоттар мен деректемелерді ғана пайдалануды сұрайды. Жеке тұлғалар үшін аударымдар «қайырымдылық» бөлімінде банктің мобильді қосымшаларында қолжетімді.

Бөлісу: