Құлсары қаласында 100 үйдің іргетасын құю жұмыстары басталды
Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 48 үйдің іргетасы құйылып жатыр.
Атырау облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың айтуынша, 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен, қалған 20-сы жергілікті бюджет есебінен салынады.
– Бүгінгі таңда бетон төсеу, іргетас және монолитті құю жұмыстары қатар жүргізілуде. Тас қалау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл үшін барлық қажетті инертті және құрылыс материалдары жеткілікті. «Қазақстан халқына» қорының талаптарына сәйкес мердігер компаниялар жергілікті болуы керек. Құрылыс алаңында арнайы техника жеткілікті, экскаватор, жүк көтергіш, автокран тартылған. Қалған үйлердің құрылысына жер телімдері бөлініп, алдағы уақытта пайдалануға беріледі», – дейді Ернар Қадырбай.
Әр үйдің жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Жоба бойынша үй 5 бөлмеден тұрады. Оның ішінде ас үй, екі жатын бөлме, қонақ бөлме және жуынатын бөлме.
Атырау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жылыой ауданындағы төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстарына жұмыс күшін тарту лимиті арттырылды.
Құрылысты «Орлан» ЖШС, «Армандастар-Атырау» ЖШС, «Казкомсервис» ЖШС жүргізуде. Әр мердігер компаниядан 50-ге жуық жұмысшы тартылған.
Дереккөз: Kazinform