Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

Батыс Қазақстанның Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамту мәселесі 100 пайызға шешілді.

286
Spread the love

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетілуде, деп хабарлайды info.homsters.kz Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Бөрлі ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан барлығы 126 үй апатты жағдайда қалды. Оның ішінде 66 тұрғын үйдің иелеріне пәтер сатып алынса, қалған 60 адамға үй салынды.

Нәтижесінде жоспарға сәйкес Ақсу ауылында 23, Кеңтүбек ауылында 11, Пугачево ауылында 12, Аралтал ауылында 14 тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылдың 22 мамырында басталып, 1 тамызға дейін аяқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетілуде. Бүгінгі таңда тұрғындарға 100 АЕК және су тасқынынан зардап шеккен мүлікке 150 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек толық өтелді. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендердің 90%-дан астамы үйлерін жөндеу және қалпына келтіру үшін өтемақы алды. Кеше баспанасынан айырылған тұрғындар бүгін жаңа баспанаға ие болуда. Қазіргі таңда облысымызда мыңнан астам тұрғын үй сатып алынып, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға берілді. Сондай-ақ, 775 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде, қазір тұрғындарға үйлер тапсыру сәтіне куә болып отырмыз», – деді аймақ басшысы.

Құрылыс жұмыстары «Ақсайгазсервис» АҚ, «Ақжайық», «Демеу» қорлары және «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС қаржылай қолдауымен жүргізілді. Қаржыландырудың жалпы сомасы 1,6 млрд теңгені құрайды.

Пугачево ауылының тұрғындары Иманалиевтер отбасы жалғыз баспанасын су шайып, жарамсыз деп танылғанда жаңа пәтердің иесі атанды.

«2006 жылы бүкіл отбасымыз Пугачево ауылына көшіп, үй салдық. Өкінішке орай, наурыз айының соңында су астында қалды. Алайда бүгін жаңа баспана таптық. Жарық, кең, 3 жатын бөлмелі үлкен үйдің иесі атанғанымызға өте қуаныштымыз. Осындай мүмкіндік туғызып отырған Мемлекет басшысына алғысым шексіз», – деді Ақкенже Иманалиева.

Бүгінде Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайызға шешілді.

 

Фото дереккөзі: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Бөлісу: