Ақтөбеде баспана кезегінде тұрған өлілер табылды
Ақтөбе облысының прокуратурасы тұрғын үй кезегін уақытылы түгендеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне талдау жасап, көптеген кемшіліктерді анықтады.
Қадағалау органы басқа өңірлерге тұрақты тұру үшін қоныс аударған, еңбек қатынастары тоқтатылған, баспанасын жекешелендіріп алған жүзден астам азаматтың пәтер алу кезегінде әлі де бар екенін анықтады.
«Сонымен қатар, мұқтаж азаматтармен қатар кезекте тұрған қайтыс болған 11 азаматтың тұрғаны туралы фактілер анықталып, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаж азаматтардың кезектегі тізімдері түгенделді. Аталған фактілер бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан прокурорлық қадағалау актісі жасалып, аталған заң бұзушылықтар жойылды», – деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе облысында 36 мыңнан астам адам кезекте тұр, оның ішінде көп балалы отбасылар, жетім балалар және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындар бар.
Дереккөз: Tengrinews.kz