Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

Су тасқынынан зардап шеккен Орал тұрғындарына 375 үйдің кілті табысталды

217
Spread the love

Оралда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана кілтін табыстау жалғасуда. 30 тамызда Деркул және Зачаганск ауылдарында 183 үй берілсе, 31 тамызда «Жұлдыз» шағын ауданындағы тағы 192 отбасы жаңа баспананың кілтін алды, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге барлығы 775 үй салынды. Қазіргі таңда 685 үйдің кілті тапсырылса, қалғаны 3 қыркүйекте Қаратөбі ауданы Қоржын ауылында тапсырылады.

Осылайша Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілмек.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындарын қоныс тойымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетілді. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Үйлер толықтай инженерлік желілермен, газбен және сумен қамтылған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бұл үйлерде көп бала тұратындықтан, балалар ойын алаңын саламыз», – деді Нариман Төреғалиев.

Орал тұрғыны Қарлыға Жармұхамбетова су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылды. Бүгін ол жаңа үйіне кіріп, қуаныштан көз жасын тыя алмады.

«Көршілеріммен «Жұлдыз» ықшамауданындағы тамаша жаңа үйге көшіп жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан Үкіметіне халыққа қамқорлық көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Үйлері жарық, жайлы, бұдан былай мұнда тек қуанышты оқиғалар болады деп сенеміз», – деп бөлісті Қарлыға Жармұхамбетова.

Айта кету керек, Оралда су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындары үшін салынған 375 үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, оларға Оралдан 1416 пәтер сатып алынған.

Фото дереккөзі: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Бөлісу: