Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

Паралимпиадалық спортшылар Давид Дегтярев пен Еркін Ғаббасовқа Көкшетауда пәтерлер сыйға тартылды.

787
Spread the love

Көкшетау қаласында жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан оралған ақмолалық спортшыларға құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлады Ақмола облысының әкімдігі.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі биылғы жылы жазғы спорт түрлерінен Паралимпиада ойындарына қатысу облысымыз үшін тарихи оқиға болғанын атап өтті.

«Сіздердің жеңістеріңіз – батылдық пен шексіз адам мүмкіндіктерінің көрінісі. Сіздердің жетістіктеріңіз – тынымсыз еңбектің, қайтпас ерік-жігердің және өмірдің қиындықтарына мойымай, мойымай білудің жемісі. Бұл маңызды салаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысушылармен кездесуінде спорт саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды тұжырымдады. Ал алдағы уақытта сіз бен біз алға қойған мақсаттарымызға жету үшін еңбектенеміз. Өйткені, қазақстандық спорттың болашағы қандай болатыны әрқайсыңыздың өздеріңізге байланысты», – деп атап көрсетті М.Ахметжанов.

Шара барысында екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтяревке 3 бөлмелі пәтер сертификаттары мен ақшалай сертификат табысталды. 2 бөлмелі пәтер сертификаты мен ақшалай сертификат күміс медаль иегері Еркін Ғаббасовқа табысталды. Сондай-ақ жаттықтырушылар Юрий Колесников пен Мүсілім Сәрсембеков ақшалай сертификатқа ие болды.

Өз кезегінде спортшылар көрсеткен қолдаулары үшін алғыстарын білдіріп, жоғары жетістіктерге ұмтылуға уәде берді.

Еске салайық, Давид Дегтярев 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында пара пауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Еркін Ғаббасов пневматикалық мылтықпен 10 метр қашықтықтан атудан жарыстың финалында күміс медальді жеңіп алды.

Фото дереккөзі: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Homsters Telegram

Бөлісу: