Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы 4 айдың ішінде аяқталды

663
Spread the love

Осы жылдың 24 қыркүйегінде Үкімет отырысында ҚР Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндама жасады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің сайты.

Министр өз сөзінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі бүгінгі жағдайға тоқталды. Тексеру нәтижелері бойынша 9156 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. 8 447 үй жөндеуге жарамсыз деп танылды. Қайталама нарықта 5767 үй мен пәтер сатып алынды. Жаңа 2680 үйдің құрылысы басталды. Жаңа тұрғын үйлерді салу үшін алаңдарды таңдаған кезде олардың болашақта су басуына жол бермеу үшін аумақтың рельефі мен ландшафты ескерілді.

«Бүгінгі таңда 2576 үйдің құрылысы аяқталды. Айта кетерлігі, құрылыс жұмыстары мамыр айының соңында басталып, 4 айдың ішінде аяқталды», – деді Қанат Шарлапаев.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 823 тұрғын үй салынды. Оралда – 423, Қаратөбе ауданында – 90, Бөрлі – 60, Бәйтерек – 6, Теректі – 130, Сырым – 114. Облыстың шалғай аудандарында орналасқан елді мекендердегі құрылыс жұмыстары қыркүйек айының басында толық аяқталды. Өңірдегі қалған 66 үйді қыркүйек айының соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысында 700 үйдің құрылысы аяқталды.

Облыста алғаш рет темір-бетон конструкцияларынан тез бой көтерген 300 тұрғын үй салынды. Бұл ҚТЖ тарапынан жедел құрылыс пен логистикалық қолдау көрсетудің заманауи технологиясының айқын көрінісі.

Ақтөбе облысында 500 үй пайдалануға берілді. Үйіл ауданында – 172, Ырғыз – 120, Қобды – 147, Әйтекебі – 26, Мұғалжар – 14, Темір – 21.

Қостанай облысында 153 үй салынды. Арқалық қаласында – 50, Қостанайда – 14, Амангелді ауданында – 27, Жангелдіде – 41, Қостанайда – 21. Елді мекендердің бір-бірінен шалғай орналасқанына қарамастан, бұл өңірде зардап шеккен тұрғындар бірінші қыркүйекке дейін баспанамен қамтамасыз етілді.

Ақмола облысында 292 тұрғын үй пайдалануға берілді. Атбасар қаласында – 165, Бұланды ауданында – 76, Есілде – 21, Жарқайыңда – 30. Қалған 38 үйді жақын арада аяқтау жоспарлануда.

Атырау облысында зардап шеккен Құлсары тұрғындарына 100 үй салынды. Павлодар және Ұлытау облыстарында 8 үй салынды.

Министр зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге атсалысқан бизнес өкілдерінің, құрылыс компаниялары мен құрылысшылардың, қайырымдылық қорларының, еріктілердің және еліміздің барлық мүдделі азаматтарының белсенді жұмысын ерекше атап өтті.

 

Фото дереккөзі: ҚР Индустрия министрлігінің баспасөз қызметі

Бөлісу: