Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды info.homsters.kz, облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары Петропавл қаласының су басқан шағынаудандарындағы жағдаймен танысты, су тасқынынан зардап шеккендермен кездесті, бөгеттер мен Петропавл су электр кешенін аралады, сондай-ақ зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқан Солнечный-2, және су тасқынының зардаптарын жою бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
«Зардап шеккендердің тұрғын үй мәселесін шешу үшін құрылыс салушылармен көпқабатты үйлер салуға келісім жасалуда, бірінші және екінші нарықтан пәтерлер пулы жасақталды. Сонымен қатар, «Қазақстан халық қоры» АҚ-мен «Солнечный 2» ықшам ауданында 100 тұрғын үй салу жөнінде меморандум жасалып, қазіргі уақытта 10 жергілікті құрылыс компаниясы үй салуға кірісті », — деп жазды аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.
Облысқа Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай және «KazMinerals Management» басқармасының төрағасы Эльдар Мамедовпен бірге өңірге келді. Бұл компаниялар Мемлекет басшысының үндеуіне үн қосып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсететін болады. Олар облысымызда тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 60 миллиард теңге бөледі.