Қазақстанда 900-ден астам отбасы жылына 2 пайызбен баспана сатып алды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде азаматтардың жеңілдікті санаттарына тұрғын үй сатып алу үшін несие беру барысы туралы баяндады.
«Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы аз қамтылған көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға жылдық 2 пайызбен несие беру басталды. Бұл 5 мыңнан астам отбасының жағдайын жақсартады» – деп атап көрсетті Атамқұлов.
Ведомствоның мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша республика бойынша 3 864 өтініш қабылданып, оның ішінде 3 236 өтініш 33 миллиард теңгеге немесе 85 миллион долларға мақұлданған.
«906 аз қамтылған отбасы 9,5 миллиард теңгеге (24,4 миллион доллар) несие алды», – деді министр.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін кемінде 3000 жалға берілетін пәтерлердің құрылысы басталды. 2021 жылға дейін 9 мың арендалық пәтер салу жоспарлануда.
- Нұр-Сұлтанда бастапқы нарықта 1050 пәтер сатып алынады;
- Шымкентте 570 пәтер бастапқы нарықтан, 30 пәтер қайталама нарықтан сатып алынады, 300 пәтер салынып жатыр;
- Алматыда 1020 пәтер сатып алу және 30 пәтер салу жоспарлануда.
Дереккөз: satelliteneshs.kz