Нұр-Сұлтанда «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің үлескерлері пәтер кілттерін алды.
Елордада Тұңғыш Президент күні қарсаңында тығырыққа тірелген «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне пәтер кілттері табыс етілді. Қала тұрғындары қоныс тойын 8 жылдан астам күтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұзақ мерзімді құрылыстың құрылысын аяқтауды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің уәкілетті ұйымы «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізді.
«Тұңғыш Президент күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағы бір тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің 2-кезеңі 2018 жылы проблемалы деп танылды. Бастапқы құрылыс салушының құрылысы 2013 жылы басталған. Араға 8 жыл салып, бүгін «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің 600-ге жуық үлескері пәтер кілтіне ие болды», – дейді «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басқарушы директоры Мақсат Шаяхметов.
Айта кету керек, Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалған болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ведомствоаралық комиссиясы ұсынған проблемалық нысандардың құрылысын «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС қаржыландырады.
Серіктестіктің басқарушы директорының айтуынша, әкімдік 2021 жылдың соңына дейін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС алдына 7,5 мың үлескер бар 18 нысандағы 57 үйдің мәселесін шешу міндетін қойған. Оның ішінде 31 үйдің мәселесі шешіліп, 4,3 мыңнан астам үлескерге пәтерлерін жөндеуге кілттер табыс етілді. Елорда үлескерлерінің проблемалық мәселелерін 2022 жылдың соңына дейін шешу жоспарлануда.
«Мен «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің үлескерімін. Пәтерімізді күткенімізге 8 жылдай болды. Бүгін біз үшін қуанышты оқиға. Кілт алдық», – деп қуанышымен бөлісті үлескер Жарасқан Байтасова.
Ольга Владимировна да бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. Тағы 600 үлескердің қатарында ол баспанасын жылдар бойы күткен.
«Пәтер күткеніме 8 жылдан асты. Баршаңызды бүгінгі мерекемізбен құттықтағым келеді, ақыры күттік. Бізді қолдап, үйдің құрылысын аяқтаған Елбасымызға мың алғыс», – дейді «Жеті жол» тұрғын үй кешеніндегі пәтер иесі.
Айта кету керек, 2019 жылдың жазында елордада 150-ден астам ұзақ мерзімді құрылыс үйлері болған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұзақ мерзімді құрылысты аяқтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2019 жылдың алты айында 13 көпқабатты тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. 2020 жылы 20 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталды.
Бос құрылыс алаңдары: Алматыдағы 28 ұзақ мерзімді құрылыс нысандары
Биыл елордада бір кездері проблема болған тағы 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда, 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтерлерін табады. Әрбір ортақ құрылыс нысаны бойынша кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспары жасалған. Ұзақ мерзімді құрылыс нысандарының құрылысын аяқтау Мемлекет басшысының бақылауында.
Дереккөз: astana.gov.kz