«Алматы жастары» бағдарламасына қосымша миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаржы бөлімінің басшысы Қанат Сухамбеков «Алматы жастары» бағдарламасына қатысты жаңалықтармен таныстырды. Оның айтуынша, жыл соңына дейін жастарға 55 ипотекалық несие беріледі.
«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру аясында қала әкімінің бастамасымен бюджет 965 млн теңгеге толығады. Осылайша, әлеуметтік, құқық қорғау, коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларда жұмыс істейтін жас азаматтарға қосымша 55 ипотекалық несие беріледі. Қанат Сухамбеков бұл шара жастардың тұрмыс жағдайын жақсартуға септігін тигізетінін баса айтты.
«Алматы жастары» жеңілдетілген тұрғын үй несиесі бағдарламасына биыл 11 104 адам өтініш білдірген.
Бағдарлама шарттарында 10 пайыздық бастапқы жарнамен 18 миллион теңгеге дейінгі сомада несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 5%, ал қайтару мерзімі 25 жылға дейін белгіленуі мүмкін. Сонымен қатар, бағдарлама негізгі және қосымша тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігін ұсынады.