Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

Түркістанда кезекте тұрған 100-ге жуық азамат пәтер кілтін алды

318
Spread the love

Түркістан облысында халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Түркістанда тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға 88 пәтердің кілті табыс етілді, деп хабарлайды info.homsters.kz Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа тұрғындармен қуанышпен бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды келді.

«Бүгін біз сіздермен қуанышты жағдайда кездестік. Түркістан облысы мен Түркістанның облыс орталығы болғанына алты жыл. Осы датаға орай біз бүгінгі шараны жоспарладық. Кәсіпкерлер салған бұл үйлер базарға сатылуы керек еді. Бюджеттен қаржы тауып, кәсіпкерлермен пәтер бағасын төмендетуге келісіп, сатып алдық. Бұл баспананы мұқтаж қала тұрғындарына беруді жөн көрдік. Пәтерлері жайлы, ауласы жайлы. Мұндай үйлер қаламызда бұрын-соңды жалға берілмеген. Біз сіздермен бірге өзіміз пәтер алғандай қуанамыз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Облыста халықты баспанамен қамтамасыз ету шаралары бірнеше бағытта жүргізілуде. Баспанамен қамтылғандар саны артып келеді. Олардың арасында сіз де барсыз. Қоныстой! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!», – деді Дархан Сатыбалды.

Элиталық санат саналатын үш қабатты «Ясауи» тұрғын үй кешенінің аумағында балалар ойын алаңы, автотұрақ және барлық қажетті инфрақұрылым бар.

Облыс орталығында тұрғын үй кешендерінің құрылысы жалғасуда. Әкімшілік-іскерлік орталықта тағы 20 бес қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлерде екі мыңнан астам отбасы тұратын болады.

Биылғы жылы бюджетте 41 көпқабатты үй, ал 24-і жеке инвесторлар есебінен салыну қарастырылған. Бүгінгі таңда 159 үйдің құрылысы жүргізілуде. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Түркістан тұрғын үймен қамту бойынша республикада жетекші орын алады. Соңғы бес жылда кезекте тұрған 2558 адам мемлекеттен пәтер иесі атанды. Жаңа шағын аудандар пайда болды, тозығы жеткен тұрғын үйлер қалпына келтірілді.

Фото дереккөзі: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бөлісу: