Ақтаудың сәулеттік келбеті анағұрлым тартымды әрі заманауи келбетке ие болады
Ақтаудағы тұрғын үйлерді жаңғыртудың тұтас бағдарламасы әзірленеді.
Бұл туралы Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты.
«Мен Ақтауды дамыту мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Біз алдымызға Ақтауды еліміздің негізгі туризм орталықтарының бірі ретінде дамыту міндетін қойдық. Сондықтан теңіз жағасында жатқан қаланың сәулеттік келбеті тартымды әрі заманауи болуы керек. Облыс орталығындағы тозығы жеткен үйлер мәселесін шешу қажет. Мұнда олардың саны 280. Үкіметке Ақтау қаласының тұрғын үйлерін жаңғыртудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Жаңаөзенді кешенді дамыту ерекше назар аударуды қажет етеді. Оның мәселелерін шешуге 580 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қала үшін бұл ұтымды пайдалануды қажет ететін қомақты қаражат. Жалпы, облыс әкімдігінің Жаңаөзен қаласын дамыту бойынша атқарып жатқан шаралары бірізді және жүйелі болуы керек. Соңында біз әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруды кейінге қалдырмауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы облыстың сумен жабдықтау жүйесі мен инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, Ақтау және Жаңаөзен қалаларын дамыту мәселелеріне де тоқталды.
Ол алдағы 5 жылда облыстың барлық қалалары мен ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. Биылғы жылдың соңына дейін 12 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылады.