Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

Жамбыл облысында 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады

423
Spread the love

Жамбыл облысында биылғы жылы тұрғын үй құрылысы жоспарын артығымен орындау көзделді. 2,5 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлерге ие болады.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ыбырайхановтың айтуынша, 2023 жылы 3929 пәтерлік 74 тұрғын үй салу жоспарлануда. Тұрғын үйлердің жалпы құны 13,2 млрд.

«2023 жылдың соңына дейін 2564 пәтерлік 45 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда», – деді спикер.

Жамбыл облысының аумағында республикалық бюджет қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылар үшін 7,7 млрд теңгеге 797 пәтер сатып алу жоспарлануда.

«Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін бюджет және жеке инвестиция есебінен 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Жоспар 2022 жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға артығымен орындалады деп күтілуде», – деді Ерболат Ыбырайханов.

Биыл Тараз қаласында 44 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізіп, 42 аула аумағын абаттандыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында биыл жамбылдықтардың тағы 105 отбасын жеке баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында Таразда 44 үй күрделі жөндеуден өтеді

 

«Бюджеттен тыс қаражат есебінен баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін шешу үшін Жамбыл облысында асар әдісімен баспанаға мұқтаж жандарға үй салынуда. Тұрғын үйлер қамкөңіл тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары басшыларының қаражатына салынып, жөндеуден өтті. 2020-2022 жылдар аралығында Жамбыл облысында осылайша 338 отбасы баспаналы болды», – деп нақтылады Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

Бұрын хабарланғандай, 2020 жылы Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасының бастамасы аясында 100-ге жуық тұрғын үйдің құрылысы басталса, 2021 жылы 100-ден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Байзақ, Талас, Шу, Жамбыл, Жуалы, Сарысу аудандарынан ондаған отбасы баспаналы болды.

Дереккөз:inform.kz

Бөлісу: