Image
Ақтөбе
Бөлісу:

Қобды ауданында салынатын үйлердің жобалары таныстырылды

228
Spread the love

Облыс әкімі Асхат Шахаров су тасқынынан зардап шеккен Қобды ауданында болды. Облыс орталығы – Қобда кентінде өңір басшысы табиғи апаттардың жойқын зардаптарынан баспанасыз қалған азаматтар үшін жаңа тұрғын үйлер салынатын аумақты аралап, жобалармен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігі. Ақтөбе облысы.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, бүгінде ауылда тұрғын үй құрылысына 69 жер телімі дайындалған.

«Қобдада 121 үйді қалпына келтіру мүмкін емес. Мұнда 16 құрылыс компаниясы жаңа үй салуға ниет білдірді. Олар қазірдің өзінде ауылды техникамен, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта құрылыс компанияларының қатары көбеймек. Жалпы, қазіргі таңда облыс өңірлерінде 172 үйдің, оның ішінде Қобда ауылында 69 үйдің құрылысы басталуға дайын. Аумағы 80 және 100 шаршы метр болатын ғимараттар типтік жобалар бойынша салынады. Сонымен қатар, аудан тұрғындары дайын баспана алуға ниеттерін білдіруде», – деді Ержан Мұздыбаев.

Оның айтуынша, жақын арада мердігерлер Ойыл ауданында 40, Темір ауданында 10 үйдің құрылысын бастайды. Сонымен қатар, Әйтеке би ауданында 3 мекеме жұмысын бастауға дайын. Мұғалжар ауданы, Жағабұлақ ауылында да жаңа тұрғын үйлер бой көтермек. Әзірге барлық құрылыс компаниялары өз қаражатына жұмысқа кірісіп жатыр.

Қобдада жаңа тұрғын үйлер салып жатқан құрылыс ұйымдарының бірі – «Самұрық-Құрылыс».

«Әріптестерімізбен бірге біз де қиын жағдайға тап болған аймақтарға көмектесуге ниет білдірдік. Аз уақыттың ішінде қажетті құрылыс материалдарын сатып алып, бүгінде Қобды ауданына жеткізіп жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттаманы алғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. Біздің серіктестік 20 шақты үй салады», – дейді кәсіпорын директоры Тәңірберген Назым.

Құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесуде облыс әкімі Асхат Шахаров барлық жұмыстарды дер кезінде және сапалы атқаруды тапсырды. Өңір басшысы үй құрылысына өз қаражатын салуға бастама көтерген кәсіпорын басшыларына алғысын білдіріп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын және көрсетілетінін айтты.

«Елбасының тапсырмасымен бүгінде меценаттар мен мүмкіндігі бар азаматтар атсалысып, аймақтарға көмек қолын созуда. Олар да біздің облысқа бекітіліп, жобаларды қаржыландыруға атсалысуда. Барлық құрылыс жұмыстары алдағы екі айда аяқталуы тиіс. Біз уақытында жеткізуге, сонымен қатар құрылыс материалдарының болуына жағдай жасаймыз және сіз баспанаңызды сапалы және уақытылы тапсыруыңыз керек. Су тасқыны кезінде баспанасыз қалғандарға тезірек жағдай жасау керек», – деді Асхат Шахаров.

Бөлісу: