Алматыда кезекте тұрғандарға 2 мың пәтер беріледі
Алматының Түрксіб ауданында қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу өткізіп, онда биыл көктемде кезекте тұрғандарға 2 мың пәтер берілетіні айтылды. Досаевтың айтуынша, тұрғын үйлер қазірдің өзінде сатып алынып, қазір қабылдануда.
Жолдауда айтылғандай, баспана халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кезекте тұрғандарға беріледі. Алушылар қатарында 400 пәтер алатын жетім балалар да бар.
Әкім пәтерлерді бөлу бекітілген тізімдер бойынша жүргізілетінін түсіндірді. Ондаған жылдар бойы кезекте тұрған халық көптен күткен баспанаға биыл ие болады.
Қазыналы шаршы метрлердің кілті ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін беріледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ биыл Наурызбай ауданында «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 2100 пәтер беріледі.
Өткен жылы Алматыда 2454 отбасы жаңа пәтерге ие болса, оның 2049-ы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша, 405-і коммуналдық тұрғын үй қорынан берілді.
Қазіргі таңда Алматының 40 мыңнан астам тұрғыны баспана кезегінде тұр.