Қызылорда облысында 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болмақ
Қызылорда облысында 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1430 пәтер халық игілігіне берілмек. Бұл туралы Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлім етті.
«Қазір облыста жалпы көлемі 130 мың шаршы метр болатын 31,4 млрд теңгеге 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы 30 тұрғын үй (93 мың шаршы метр, 1430 пәтер) салынады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер (Қызылордада 600 пәтер, аудандарда 400 пәтер) сатып алуға республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінді», – деді аймақ басшысы.
Халықтың әл-ауқатын арттырудың тағы бір критерийі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Облыс тұрғындарының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Қазір 230 елді мекеннің 198-і су құбырына қосылған. Өткен жылы 6 ауыл «көгілдір отынға» қосылып, тұрғындарды газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биыл тағы 12 елді мекенге көгілдір отын тартылып, нәтижесінде газдандыру деңгейі 75 пайызды құрамақ, деп хабарлайды info.homsters.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
366 шақырым жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы жағдайда үлесі өткен жылы 82 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткіш 87 пайызға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ Қызылорда қаласында 141 шақырым көшеге қарқынды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шет, елді мекен, ауыл да назардан тыс қалмады.
Нұрлыбек Мәшбекұлы уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрап, Сұлтан Бейбарыс, Назарбаев, Астана даңғылдары сияқты орталық көшелердегі жолдарды жөндеу жұмыстары алдағы 10-15 күнде аяқталатынын жеткізді.