Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-премьер су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездесіп, өңірде қандай жұмыстар атқарылатынын түсіндірді.
Ақтөбе облысында 1400-ден астам жеке тұрғын үй мен бақша қоғамдарындағы үш мыңнан астам үйді су басқан.
— Барлығы 4600-ден астам үй жөндеуді немесе қайта салуды қажет етеді. Осы жұмысты бастау үшін облысқа келдім. Мен көп үйлерді қарадым. Бізбен бірге Верный Капитал, ERG және BI Group компанияларының басшылары мен өкілдері болды. Олар үй сатып алуға, салуға, жөндеуге ақша бөледі. Бүлінген жолдарды, көпірлерді, электр желілерін жөндеу бюджет есебінен төленеді. Енді техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өтіп, Қаржы министрлігі арқылы қаржы бөлінеді. Қысқа мерзімде үйлер мен пәтерлер аламыз немесе екі-үш айда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа үйлер саламыз. Үш демеуші 27-30 млрд теңгені үйлерді салуға, алуға және жөндеуге бөледі», — деді Қ.Бозымбаев.
Оның айтуынша, республика бойынша ауданы 80 шаршы метр стандартты үйлер салу жоспарланған. Бірақ, демеушілердің көмегімен көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше жағдай жасауға болады. Бұл жұмысты жергілікті жерлерде облыс әкімдері үйлестіре алады.
— Облыста 136 шақырым жол мен 15 көпір зақымданған. Сондай-ақ 23 әлеуметтік нысан мен 84 шағын және орта бизнес зардап шекті. Жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге бөлінді. Тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, тұрмыстық техника мен жиһазға өтемақы төлеуге 4,1 млрд теңге қарастырылған. Техникалық тексеру мен бағалаудан өткен үйлерге 600 миллион теңге төленді. Жедел көмек көрсету аясында 2700 отбасына жалпы сомасы 877 млн теңгеге 100 АЕК көлемінде біржолғы жәрдемақы төленді», — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.