Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлікпен операциялар бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысу механизмі енгізілді
Қазақстанда ірі операциялар қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшуде. Ұлттық банк мүдделі мемлекеттік органдармен және банктермен бірлесіп, жылжымайтын мүлікпен операциялар бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың жаңа механизмін енгізуде.
2020 жылдың 27 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында нотариус депозитін пайдалана отырып, банктік аударым арқылы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша алғашқы операция сәтті аяқталды. «Альфа Банк» АҚ ЕБ пилоттық банк ретінде әрекет етті. Қазіргі уақытта бұл жобаға басқа банктер де қосыла алады.
Механизм жылжымайтын мүлікпен операцияларды банк, нотариус және тіркеуші орган – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арасында ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін бірыңғай қызмет ретінде қарастырады. Бұл үшін қажетті құқықтық және техникалық жағдайлар жасалды, электрондық өзара іс-қимыл жасау үшін банктік ақпараттық жүйе мен Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арасында интеграция жүзеге асырылды.
«Жылжымайтын мүлікпен мәмілені қолма-қол ақшасыз түрде жүргізу қосымша опция болып табылады және ол ерікті негізде ұсынылады. Операцияны қолма-қол ақшасыз төлеу үшін жеке тұлғалар банкте эскроу шотын аша алады немесе нотариус депозитін пайдалана алады. Мәміле тараптары арасындағы төлемнің кепілі ретінде нотариус немесе банк (үшінші тұлға) әрекет етеді. Ақша жылжымайтын мүлікті (тұрғын үйді) сатушыға тіркеуші органнан мәміленің аяқталғаны туралы растауын алғаннан кейін бірден қолжетімді болады» – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Есжан Біртанов.
Оның айтуынша, жаңа механизм мәміле жасау үдерісін жылдам әрі ыңғайлы етіп, елдегі қызметтерді цифрландыру деңгейін арттырады. Сонымен қатар, ол ірі мәмілелер бойынша есеп айырысулардың қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады, жылжымайтын мүлік нарығында қолма-қол ақшаны төлеу кезінде алаяқтық немесе ақшаны жоғалту қаупін азайтады.
«Жылжымайтын мүлік сегментіндегі қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңейту мемлекеттің көлеңкелі экономиканы азайту жөніндегі міндеттеріне сәйкес келеді, сонымен қатар банктерге жаңа қызметтермен клиенттердің қанағаттануын арттыруға мүмкіндік береді» , делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй мен көлікті бастапқы сату кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізуді тапсырған болатын.
Дереккөз: capital.kz