Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен алғашқы 53 адамға жаңа үй кілттері табыс етілді
Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың баспана мәселесін шешу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды info.homsters.kz Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Күні кеше Петропавлда «Бірлік» жаңа шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге «Қазақстан халқына» қорының қаржысына салынған алғашқы 53 жаңа үйдің кілті табыс етілді. «ЗИКСТО» зауыты жаңа тұрғындарға тұрмыстық техника мен жиһаз сатып алды.
Кілттерді тапсыру рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шынқысбаева қатысты. «Қазақстан халыққа» қоры, «Қазақмыс» корпорациясы және «Kaspi» АҚ қаржысына барлығы 700 үй салынады.
Тұсаукесер рәсімінен кейін аймақ басшысы жаңа үйлерді аралап, Оразғали Әлдекеев пен Юрий Тучиннің отбасын қоныс тойларымен құттықтады.
Бүгінге дейін «Бірлік» ықшамауданынан 300-ге жуық отбасы жаңа үй алуға өтініш білдірген. Мұнда 3 мыңға дейін адам тұратын болады. Бұл дамыған инфрақұрылымы бар нағыз «шағын қалашық» болады. Меценаттардан бөлінген қаражатқа балабақша құрылысы басталып та кетті. «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде.
Фото дереккөзі: Солтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметі