Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үйлерді су басу қаупі жойылды
Күршім ауданы Қаратоғай ауылында тау беткейлерінен жауған жаңбыр мен күрт жылынып, еріген су ағындары тұрғын үйлерді су басу қаупін тудырды. Алайда жергілікті билік пен жол қызметінің жедел әрекетінің арқасында жағдай бақылауға алынды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, қазір ауыл маңындағы ықтимал қауіпті аумақтардың барлығы құм салынған қаптармен күшейтілген. Бұл жұмысқа жергілікті мекемелерден 40 адам, No68303 әскери бөлімінен 25 адам қатысуда.
– Қалғұтын ауылдық округіндегі тұрғын үйлерді су басу қаупін жою үшін Қаратоғай ауылындағы арықтарды тазарту және кеңейту жұмыстарына екі арнайы техника, бір МТЗ-82 тракторы және бір Күршім шаруашылық экскаваторы жіберілді. Қазір аудан әкімінің орынбасары мен төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысы, басқа да саланың жауапты өкілдері ауылда, делінген аудан әкімдігі таратқан хабарламада.
Жағдай жергілікті атқарушы билік пен төтенше жағдайлар қызметінің толық бақылауында.