Жамбыл облысында 38 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүргізілуде
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашүкеев табиғи апаттың салдарын жою және Жаңатас қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы ол кезекті жедел кеңес барысында айтты, деп хабарлайды info.homsters.kz, Жамбыл облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстағы елді мекендерді газдандыру жұмыстарының барысы талқыланды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады.
Қазіргі таңда облыстағы 371 елді мекеннің 285-і, яғни жамбылдықтардың 91,1 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Тиісінше, биыл бұл көрсеткіш артады. Ғалым Исақовтың айтуынша, көгілдір отынға қосылмаған 86 елді мекенге талдау жүргізілген. Қазір 38 елді мекенге газ құбыры тартылуда. 13 елді мекеннің ЖСҚ дайындалып, бюджеттік өтінім берілді. Екі елді мекеннің ЖСҚ әзірленуде. 33 ауылда (200 адамнан аз) халық санының аз болуына байланысты оларды газдандыру келесі жылдарға жоспарлануда.
Жиын барысында аудан әкімдері елді мекендерді газдандыру жұмыстарының барысы туралы баяндады. Бұл ретте білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары әлеуметтік нысандарды газдандыру мәселелерін де баяндады. Ербол Қарашүкеев жауаптыларға тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудың, оның ішінде газдандырудың маңыздылығын еске салды. Аймақ басшысы әлеуметтік нысандарды газдандыруға талдау жасауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе табиғи апаттың зардаптарын жою және Жаңатас қаласын қалпына келтіруге қатысты болды.
Осы тақырыпта Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов баяндама жасады. Қазіргі уақытта техникалық байқау, зақымдалған нысандарды бағалау және келтірілген шығын көлемін есептеу жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта төрт жұмыс тобы құрылды. Облыс әкімі қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, сапасына мән беруді тапсырды.
– Уақытымыз көп емес. Зиянды есептеуді кешіктірмеу жақсы. Бір жарым айдан кейін күз келіп, күн суытады. Зардап шеккен отбасыларды көшеде қалдыруға болмайды. Аудандағы жағдай менің жеке бақылауымда», – деген Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының әкіміне тұрғындарға қолдау көрсетіп, үнемі ізденісте болуды тапсырды.