Қызметтік тұрғын үйді жалдау қызметі цифрлық форматқа көшірілді
e-Gov «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметтік тұрғын үйін жалдау шартын жасасу және ұзарту» қызметін іске қосты, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.
Енді әскери қызметшілерге аудандық жедел бөлімге жеке өзі барып, құжаттарды тапсырып, жалға алу шартына қол қоюдың қажеті жоқ. Мұны қашықтан жасауға болады.
Қазіргі таңда «e-Gov» порталында тұрғын үй кезегіне тұруға және жалға алу шартын жасасуға қатысты үш мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахдиев атап өткендей, бұл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Цифрлық үкіметті қолдау орталығымен тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.
Жыл соңына дейін тұрғын үй мәселесіне қатысты барлық рәсімдерді композиттік және проактивті форматқа көшіру жоспарлануда. Яғни, әр процеске әртүрлі өтінім берудің қажеті болмайды. Олардың барлығы әскери қызметкерлердің қатысуынсыз жүзеге асырылады.
Жүйенің өзі өтініш берушіге кезекке тұру мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді. Автоматты түрде тіркеуден өткеннен кейін ол әскери қызметшілер отбасының құрамына сәйкес тұрғын үй қорынан пәтерді бөледі және қол қоюға жалға алу шартын жібереді. Қызметтік тұрғын үй иесі тек тіркеуден өту үшін кілттерді алып кетуі керек.
Қызметті цифрландыру тұрғын үйге кезекке тұру тәртібінің ашықтығын қамтамасыз етеді және оны бөлуге адам факторының әсерін болдырмайды. Бұл қорғаныс ведомствосының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұрғысынан өте өзекті.
Фото дереккөзі: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің сайты.