Image
Жаңалықтар
Бөлісу:

Батыс Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына тағы 65 пәтердің кілті табыс етілді

305
Spread the love

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына қажетті көмек көрсетілуде, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осылайша Оралда су тасқынынан жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған тағы 65 саяжай тұрғыны баспаналы болды. Жаңа пәтерлер демеушілік қаражатқа, атап айтқанда, Нұрлан Смағұлов атындағы қор бөлген қаржыға сатып алынды.

Айта кетерлігі, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржы ұйымдары мен демеушілер облыстың зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетуде.

Тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, жаңа қоныстанушыларды құттықтады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетудеміз. Бүгінге дейін Оралда 1103 саяжай тұрғыны жаңа пәтерлерін ресми тіркеген. Енді тағы 65 саяжай тұрғынына жаңа баспананың кілтін табыстап жатырмыз. Сондай-ақ, облыста су тасқынынан зардап шеккен азаматтар үшін 775 тұрғын үй салынуда. Тұрғын үй құрылысының сапасы мен мерзімінде аяқталуы қатаң бақылауда», — деді Нариман Төреғалиев.

Көктемгі су тасқыны кезінде Орал қаласының тұрғыны Маздақ Сәрсенғалиеваның қаладағы жалғыз баспанасы 1-ші саяжай учаскесінде су астында қалған. 3 айдан кейін ол бүгін жаңа баспанасына кіріп, қуанышымен бөлісті.

«Мемлекеттің қолдауының арқасында барлық қиындықтар артта қалды. Бізді баспанамен қамтамасыз еткен Елбасымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіреміз. Алда тек жақсылықтар болсын», – деді.

Фото дереккөзі: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бөлісу: