Image
Ақтөбе
Бөлісу:

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін тамыз айында 400-ден астам жаңа үй пайдалануға беріледі

113
Spread the love

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысының Темір, Мұғалжар, Үйіл, Қобды, Ырғыз және Әйтеке би аудандарындағы ауылдарды аралады, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің сайты.

Облыс су тасқынынан ең көп зардап шеккендердің бірі – 1020 үй мен саяжай қауіпсіз емес деп танылды.

«Біздің алдымызда 502 үй салу, 518 үй мен пәтер сатып алу міндеті тұрды. Бүгінгі таңда 475 үй мен пәтер сатып алынды – жұмыс 91,7% орындалды. Тамыз айында 400-ден астам үйді кезең-кезеңімен тапсыру жоспарлануда. Айта кетерлігі, құрылыста қолданылатын материалдардың барлығы Ақтөбе облысында шығарылады. Құрылыс материалдарынан тапшылық жоқ», – деді аймақ басшысы Асхат Шахаров.

Мәселен, Темір ауданы Құмсай ауылында 21 тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тартылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа қаражатты BI Group компаниясы бөлді.

Мұғалжар ауданына қарасты Жағабұлақ және Бірлік ауылдарында BI Group компаниясының қаражатына салынған 14 үйді тапсыруға әзірленуде. Мердігерлер учаскелерге инженерлік желілерді тартуда. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша бұл ауылдарда фельдшерлік пункт пен балабақша салынуда.

Үйіл ауданында ауқымды құрылыс жүргізілді. Қаратал ауылында бөгет салынуда. Онда «Қамқор-Ақтөбе-2024» қоры 128 тұрғын үй мен Үйіл ауылында тағы 21 үйдің құрылысын қаржыландырды.

Қобды ауданы Қобда ауылында 130 отбасы жаңа баспанаға қоныстанады. Қазір мұнда 10 мердігер жұмыс істейді. Барлық үйлерде қабырғаларды төсеу, шатырларды орнату жұмыстары аяқталып, ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ауданға қаржылай көмекті Болат Өтемұратов атындағы қор көрсетті. Ауылды жыл сайынғы су басудың алдын алу үшін жергілікті билік өзен бойына қорғаныс құрылыстарын көтеруде.

Ырғыз ауданында «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры есебінен Ырғыз ауылында 51, Нұра ауылында тағы 63 тұрғын үй салынуда.

Әйтеке би ауданында салынып біту сатысында 26 үй бар. Құрылысқа қаражатты BI Group компаниясы бөлді.

Ақтөбе облысында барлығы 50-ден астам мердігер ұйым тұрғын үй қорын қалпына келтіруде. Қарқынды арттыру үшін вице-премьер Үйіл мен Ырғыз өңірлеріне қосымша техника мен жұмыс күшін тартуды тапсырды.

«Тамыз айының соңына дейін үйлердің 95 пайызы тапсырылады. 15 қыркүйекке дейін су тасқынынан зардап шеккендердің барлығын көшіру міндетін қойдық. Қалған 5 пайызы негізінен Ырғыз ауданы, әсіресе Нұра ауылы. Ол жерде су деңгейінің жоғары болуына байланысты құрылыс жұмыстары бір айдан кейін басталды. Бригадалар санын көбейту жөнінде тапсырма бердім. Сонымен қатар, зардап шеккен алты ауданда жолдар мен инженерлік инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Ырғыз өңірінде ауыз су мен электр қуатына қатысты мәселе бар, әкімдік бұл мәселені бір айдың ішінде шешуі керек», — деді Қанат Бозымбаев.

Анықтама үшін: Ақтөбе облысында 4521 отбасына 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек жалпы сомасы 1,6 млрд. 4 083 үйге 1,4 млрд теңгеге материалдық құндылықтарды өтеу төленді.

Бөлісу: