Алматыда жер сілкінісі кезінде жаңа тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, мамандар ғимараттардың сейсмооқшаулау жүйесін тек әлеуметтік нысандарда ғана емес, көппәтерлі тұрғын үйлерде де енгізу қажет деп санайды. Мұндай технология күшті жерасты дүмпулері кезінде ғимарат конструкциясына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бастаманы Қазақстан құрылысшылар одағының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тимур Нұртаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Оның мәліметінше, Қазақстан аумағының шамамен 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Бұл ретте сейсмикалық белсенділік деңгейі өңірге байланысты әртүрлі. Алматыда жер сілкінісінің есептік қарқындылығы тоғыз-он балға дейін жетуі мүмкін.
Жаңа үйлерді қалай қорғау ұсынылады
Қазіргі талаптар мектептер, балабақшалар мен емханаларды қоса алғанда, әлеуметтік нысандарды салу кезінде сейсмооқшаулағыштарды қолдануды қарастырады. Мамандар бұл тәсілді тұрғын үйлерге де енгізуді ұсынып отыр.
Сейсмооқшаулау — іргетас пен ғимараттың негізгі конструкциясының арасына орналастырылатын арнайы құрылғылар жүйесі. Іс жүзінде олар үй мен оның негізі арасында өзіндік «аралық қабат» жасайды. Жер сілкінісі кезінде топырақ пен іргетас қозғала бастайды, ал сейсмооқшаулағыштар осы тербелістердің бір бөлігін бәсеңдетіп, олардың ғимараттың жоғарғы бөлігіне толық берілуіне жол бермейді.
Сейсмооқшаулағыштардың өзі серпімді материалдар мен металл элементтердің бірнеше қабатынан тұруы мүмкін. Осындай құрылымның арқасында олар жерасты дүмпулері кезінде қозғалып, жүктеменің бір бөлігін өзіне қабылдай алады. Нәтижесінде үй аз тербеледі, ал оның көтергіш конструкцияларына түсетін әсер төмендейді.
Тимур Нұртаевтың айтуынша, мұндай технология ғимаратқа түсетін сейсмикалық жүктемені тоғыз балдан төрт-бес балға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде күшті жер сілкінісі кезінде конструкцияның қираудан қорғанысы артады.
Сонымен қатар сейсмооқшаулағыштарды қолдану нысанның инженерлік есептеріне де әсер етеді. Маманның айтуынша, мұндай жүйені пайдаланған кезде конструкцияда арматураны азырақ қарастыруға болады, өйткені сейсмикалық жүктеменің бір бөлігін оқшаулау жүйесі өзіне қабылдайды.
Жылжымайтын мүлікті токенизациялау: пәтерді үлеспен сатып алуға болады
Тектоникалық жарықтарда үй салуға бола ма
Маман тектоникалық жарықтар орналасқан аумақтардағы құрылыс мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жер телімінің осындай аймақта орналасуы жылжымайтын мүлік салуға толық тыйым салынады дегенді білдірмейді. Алайда мұндай жобаларға қосымша талаптар қойылады.
Құрылыс басталғанға дейін арнайы техникалық шарттар алу қажет. ҚазҚСҒЗИ нақты учаскенің ерекшеліктері мен ықтимал сейсмикалық жүктемелерді ескере отырып, жобалаушы қандай қосымша шараларды қарастыруы керектігін анықтайды.
Мысалы, жобада қуаттырақ іргетас пен күшейтілген қаңқа қарастырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, құрылысшылар арматура көлемін арттырып, маркасы жоғары бетон қолдануы тиіс. Бұл шешімдер жиынтығы жер сілкінісі кезінде конструкцияның қажетті беріктігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Ұмай» бағдарламасына екінші транш мерзімінен бұрын бөлінуі мүмкін
Алматыда 12 тектоникалық жарық бар
Тимур Нұртаевтың бағалауынша, Алматы аумағында 12 тектоникалық жарық бар. Оның онын ол «ұйқыдағы», ал тағы екеуін белсенді деп атады. Белсенді жарықтардың бірі қаланың жоғарғы бөлігінде, екіншісі төменгі бөлігінде орналасқан.
Сондықтан құрылыс кезінде жер телімінің жарыққа жақын орналасу фактісі ғана маңызды емес. Мамандар нақты аумақтың ерекшеліктерін, зерттеу нәтижелерін және есептік сейсмикалық жүктемені ескеріп, содан кейін тиісті инженерлік шешімдерді таңдауы тиіс.
Сақтандыру қосымша қорғаныс құралы болуы мүмкін
Жылжымайтын мүлікті сақтандыру да тұрғын үй иелерін қорғаудың тағы бір құралына айналуы мүмкін. Тимур Нұртаев мұндай тетікті елдегі барлық тұрғын үй нысандарына тарату қажет деп санайды.
Бұл ретте жүйе халықтың қаржылық мүмкіндіктерін ескеруі тиіс. Сақтандыру полисінің құнын қолжетімді ету қажет, ал сақтандыру компаниялары ауқымды табиғи апаттар болған жағдайда меншік иелері алдындағы міндеттемелерін орындай алуы керек.
Алматы үшін өңірдің жоғары сейсмикалық белсенділігіне байланысты үйлердің беріктігі мәселесі ерекше өзекті болып қала береді. Сондықтан жаңа құрылыстардың қауіпсіздігі бірден бірнеше факторға байланысты: жер телімін зерттеу, сауатты жоба әзірлеу, іргетас пен қаңқаның беріктігі, материалдардың сапасы және заманауи инженерлік шешімдерді қолдану. Осы бағыттағы келесі қадамдардың бірі ретінде мамандар ғимараттардың сейсмооқшаулау жүйесін енгізуді ұсынып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз: Алматы орталығындағы 60-тан астам үй сүріледі: инвесторлар іздестірілуде
Жылжымайтын мүлік нарығындағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып, қызықты ұсыныстарды тауып, баспананы Homsters қосымшасымен бірге таңдаңыз.