Нұра ауданында Дәрігерлер үйінің құрылысы басталды
Қарағанды облысының Нұра ауылында Дәрігерлер үйі пайда болады. Бұл жас мамандарды тарту үшін қажет. Аудан орталығында бұрынғы әкімшілік үй-жайларды қалпына келтіру жұмыстары басталып та кетті. Жұмыстар аяқталған соң медицина қызметкерлеріне арналған 14 қызметтік пәтер пайда болады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жоба облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа Нұра ауданына жұмыс сапары барысында таныстырылды.
– Бұрын бұл ветеринарлық пункттің ғимараты болатын. Былтыр коммуналдық меншікке, кейін денсаулық сақтау басқармасының балансына бердік. Жобалық құжаттама әзірленді. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары басталды. Үйде 14 пәтер, орталықтандырылған жылу жүйесі болады. Спорт залы қарастырылған», — деді Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.
Оның айтуынша, өткен жылы «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша Ауданға 26 жас маман, оның ішінде жетеуі дәрігер келді. Медицина қызметкерлері, әсіресе, мамандандырылған мамандар әлі де тапшы.
Өңір басшысына әлеуметтік қорғалатын санаттарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы да баяндалды. 420-дан астам адам баспана кезегінде тұр. Жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету үшін Нұрада төрт пәтерлі үйлер салынуда. Сонымен қатар, биыл 63 отбасына пәтер алу жоспарлануда.
Аудан орталығы абаттандырылуда. Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауылының орталығындағы жаңа саябақтың аумағын аралап көрді. Қарағанды Урбанистика орталығымен бірлесіп әзірленген жоба бойынша бір гектар жер абаттандырылады. Ағаш отырғызады, тас төсейді, субұрқақ салады.
Нұра ауданында облыс әкімі егіс науқанының барысымен де танысты.
Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарын аралады.
Көктемгі дала жұмыстары дер кезінде басталды. Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының көктемгі егістері шамамен 320 мың гектарды құрайды. Бос жерлерді айналымға енгізу есебінен аудан ұлғайтылды. Әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар мен азықтық шөптер көбірек егіледі. Агротехнологияларды сақтау үшін минералды тыңайтқыштар сатып алынды.
Егіс алқаптарында 360-қа жуық трактор, 71 егіс кешені, 1500-ге жуық тұқым сепкіштері жұмыс істейді. Шаруалар арзандатылған дизельдік отынмен қамтамасыз етілген.
Көбетей ауылында Ермағанбет Бөлекпаев 1100 басқа арналған заманауи сүт фермасын салу жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Оның қуаттылығы жылына 9 мың тоннадан астам сүтті құрайды. 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, болашақ шаруашылықтың маңындағы егістіктерге суару жүйесі салынуда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері де ұсынылды.
Көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша алған гранттардың арқасында өз ісін ашып немесе кеңейте алды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұра – Көбетей жолының жөндеуді қажет ететін бөлігін аралап көрді. Жыл сайын су тасқыны кезінде көпір суға батып кетеді. Бұл жағдайдың алдын алу үшін су өткізгіш құбырларды орнату қажет.
Облыс әкіміне жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге тапсырма берілгені айтылды.
Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауылындағы Б.Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледжге де аялдады. Мұнда 211 студент оқытылады, тігінші, аспазшы, автослесарь және т.б. даярлайды. Облыс әкімі еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашуды тапсырды.