Абай ауданы Бесқарағай ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салынуда.
Бүгінгі күні ауданда 10 жартылай жеке тұрғын үй салынды, ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Бесқарағай ауылында 4 үй, Канонерка ауылында 2 үй, Глуховка ауылында 2 үй, Ерназар ауылында 1 үй және Қоянбай ауылында 1 үй. Биыл барлығы 35 жартылай жеке тұрғын үй салу жоспарлануда, деп хабарлайды info.homsters.kz Абай ауданы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдеріне беріледі деп күтілуде.
– Бүгінде ауданымызда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, аудан жұртшылығын шексіз қуантып отыр. Мен Бесқарағай ауылының тұрғыны ретінде кезекте тұрмын. Жаңадан салынған үйлердің бірінің кілтін аламын деп үміттенемін. Айта кету керек, салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы өте жоғары. Осындай жобалар көбейе берсін, – деді өз сөзінде Бесқарағай ауылының тұрғыны Думан Құнғазин.
Абай облысы Бесқарағай аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сұңғат Назаров биылғы жылы мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына 890 млн теңге бөлінгенін атап өтті.
– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауданда тұрғын үй құрылысына мемлекеттен 890 миллион теңге бөлінді. Ауданның 12 елді мекенінде салынып жатқан жартылай жеке тұрғын үйлерді тапсыру кезінде кезекте тұрған 276 адамның 70-і жаңа үймен қамтамасыз етіледі. Жалпы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде, – деді Сұңғат Назаров.
Фото Абай ауданы әкімдігінің ресми сайтынан алынды