Қазіргі пәтерлер мен үйлерде заттарды сақтауға арналған жеке бөлме жиі қарастырылады. Бұл тұрғын бөлмелерді артық жиһаздан босатуға, заттарды санаттар мен маусымдарға қарай ыңғайлы орналастыруға және оларды іздеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Ыңғайлы киім бөлмесін қалай жобалау керек, оған қолайлы орынды қалай таңдап, ішкі жабдықталуын ойластыру және жиі кездесетін қателіктерден қалай аулақ болу қажет? Бұл туралы құрылысқа, жөндеуге, үйді, саяжайды және бақшаны жабдықтауға арналған «Лемана ПРО Алматы» гипермаркетінің «Сақтау» бөлімінің менеджері Евгений Акимжанов түсіндіреді.
Пәтердің дыбыс оқшаулауы: көршілердің шуынан қалай құтылуға болады
Киім бөлмесіне орын таңдау
Үйді немесе пәтерді жоспарлау кезінде киім бөлмесін көбіне жатын бөлмеге іргелес орналастырады. Оған кіретін есік тікелей жатын бөлмеден ашылады. Бұл күнделікті қолайлылық тұрғысынан тиімді шешім: киіну үшін үйдің ортақ аймақтары арқылы өтудің қажеті болмайды.
Екінші кең таралған нұсқа — жатын бөлме мен санитариялық тораптың арасындағы өтпелі киім бөлмесі. Мұндай шешім сәулет бюроларының жобаларында кездеседі және тұрғын ғимараттарды жобалау жөніндегі қағидалар жинағында ұсынылады. Бұл жағдайда киім бөлмесі аралық аймақ қызметін атқарады: жатын бөлмені санитариялық тораптан бөліп, шу деңгейін төмендетеді.
Киім бөлмесінде ауа алмасу жүйесін ұйымдастыру қажет. Ауаның тұрып қалуы ылғалдылықтың жоғарылауына және көгерген иістің пайда болуына әкеледі. Ауа айналымын қамтамасыз ету үшін екі жағдай жеткілікті: көршілес бөлмеден таза ауаның келуі және ауаның ғимараттың ортақ желдету шахтасына шығарылуы. Ауа кірісі есіктің төменгі бөлігіндегі желдету торы немесе есік пен еден арасындағы саңылау арқылы қамтамасыз етіледі. Ал ауаны шығару санитариялық тораптың қолданыстағы желдету арнасы немесе желдеткіш пен кері клапаны бар жеке ауа өткізгіш арқылы ұйымдастырылады.
Фотоны «Лемана ПРО» ұсынды
Қабырғадағы зең: одан қалай құтылуға және қайта пайда болуының алдын алуға болады
Киім бөлмесінің жоспарлануы
Жоспарлау бөлменің пішіні мен көлеміне байланысты анықталады. Оның үш негізгі түрі бар: сызықтық, бұрыштық және П-тәрізді.
Сызықтық жоспарлау тар және шағын киім бөлмелеріне қолайлы. Барлық сақтау элементтері бір қабырға бойына орналастырылады. Бұл нұсқа өтпелі киім бөлмелеріне және ені 1,5 метрге дейінгі орынжайларға ыңғайлы.
Бұрыштық жоспарлау шағын бөлмелердегі кеңістікті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай шешім ауданы 3–5 шаршы метр болатын шаршы пішінді киім бөлмелеріне сәйкес келеді. Бұрыш пен оған жалғасқан екі қабырға сақтау үшін пайдаланылады. Соның арқасында көбірек зат орналастыруға болады.
П-тәрізді жоспарлау — кең киім бөлмелеріне арналған ең сыйымды нұсқа. Мұнда үш қабырғаның барлығы зат сақтауға пайдаланылады. Еркін қозғалуға жеткілікті орын қалуы үшін бөлменің ені кемінде 2,2 метр болуы керек.
Заттарды сақтау аймақтарына бөлу олардың қаншалықты жиі қолданылатынына байланысты. Еденнен 70–160 сантиметр биіктіктегі қолайлы аймаққа күнделікті қажетті заттар: киімдер, ішкиімдер мен сүлгілер орналастырылады. 170 сантиметрден жоғары орналасқан жоғарғы деңгейде маусымдық заттар мен чемодандар сақталады. Ал 70 сантиметрге дейінгі төменгі деңгей аяқкиімге арналады.
Жоспарлаудың кез келген түрінде өту жолының ең аз енін сақтау маңызды. Қатарлар арасындағы жолдың ені кемінде 80 сантиметр болуы керек. Бұл еркін қозғалуға және жылжымалы тартпаларды ашуға жеткілікті. Егер киім бөлмесі екі адамға арналса, өту жолының енін 100 сантиметрге дейін ұлғайтқан жөн.
Фотоны «Лемана ПРО» ұсынды
Ванна немесе душ кабинасы: пәтер үшін қайсысын таңдаған дұрыс
Киім бөлмесінің ішкі жабдықталуы
Ішкі жабдықталуы киім бөлмесін пайдаланудың қаншалықты ыңғайлы болатынын анықтайды. Әрбір сақтау аймағының өзіндік міндеті бар.
Киімді ілгішке ілу аймағы — негізгі элементтердің бірі. Қысқа киімдерге (жейделер, блузкалар, пиджактар) 90–100 сантиметр биіктік жеткілікті. Шалбарларды арнайы шалбар ілгіштерінде сақтау ыңғайлы: олар киімнің пішінін сақтап, орынды үнемдейді. Ұзын киімдерге (көйлектер, пальтолар, ұзын белдемшелер) 140–160 сантиметр биіктік қажет.
Киім ілгіштеріне арналған сырықты пайдаланушыға ыңғайлы биіктікке орналастырады. Орташа бойлы адам үшін ол еденнен 170–180 сантиметр биіктікте болуы керек. Егер киім бөлмесі бірнеше адамға арналса, қысқа киімдерді сақтау үшін бірінің үстіне бірі орналасқан екі сырық қарастырған жөн. Ал ұзын киімдерге жеке биік секция бөлген тиімді.
Ішкиім мен трикотажды сақтау аймағы сөрелер мен жылжымалы тартпалар арқылы ұйымдастырылады. Бүктелген заттарға арналған сөрелердің тереңдігі кемінде 50 сантиметр болуы керек. Ішкиімге арналған тартпалар сөрелерге қарағанда ыңғайлы: олардың ішіндегі барлық зат бірден көрінеді және қажеттісін табу үшін қалғандарын ақтарудың қажеті жоқ.
Ішкиім мен шұлықтарға арналған тартпалардың биіктігі 15–20 сантиметр, ал жемпірлер мен тоқылған киімдер үшін 25–30 сантиметр болғаны дұрыс.
Аяқкиім сақтау аймағында сөрелердің биіктігі әртүрлі болуы қажет. Туфли мен кроссовкаларға 15–20 сантиметр, етік пен қонышы қысқа аяқкиімдерге 30–40 сантиметр жеткілікті.
Аяқкиім сөрелері түзу немесе көлбеу етіп жасалады. Төменгі бөлікте маусымдық аяқкиімдерге, ал жоғарғы бөлікте сирек қолданылатын аяқкиімдерге орын бөлінеді. Соңғыларын жабық қораптарда сақтаған дұрыс.
Аксессуарларды сақтау аймағына сөмкелер мен белдіктерге арналған ілгектер, галстуктер мен шарфтарға арналған ұстағыштар, әшекей бұйымдарға арналған жылжымалы науалар кіреді. Бұл элементтер аз орын алады, бірақ ұсақ заттарды сақтауды айтарлықтай жеңілдетеді.
Фотоны «Лемана ПРО» ұсынды
Киім бөлмесін жарықтандыру
Жарықтандыру — функционалды киім бөлмесінің маңызды бөлігі. Негізгі жарықты бүкіл бөлмені біркелкі жарықтандыратын төбелік шам қамтамасыз етеді.
Сөрелердің жиектері мен киім ілетін сырықтардың үстіне орнатылған жарықдиодты таспалар қосымша жарықтандыру ретінде қызмет етіп, тереңде орналасқан заттарды анық көруге көмектеседі.
Қозғалыс датчиктерін немесе автоматты жарықтандыру жүйесін пайдалануға болады. Түстердің дұрыс берілуі үшін түс температурасы 4000–4500 кельвин болатын жарық көздерін таңдаған жөн.
Тұрмыстық техникаға арналған розеткалар мен жарықтандырылған айнаның орналасуын алдын ала ойластыру ұзартқыш сымдарды қолдану қажеттілігін болдырмайды.
Шағын асүй дизайны: жиһаз бен техниканы қалай орналастыруға болады
Жобалау кезінде жиі кездесетін қателіктер
Шкаф тереңдігінің жеткіліксіз болуы. Ілгіште тұрған киімдер үшін шкафтың тереңдігі кемінде 55 сантиметр болуы керек. Егер тереңдігі аз болса, киімдер артқы қабырғаға тіреліп, мыжылады. Сыртқы киімдер үшін кемінде 60 сантиметр тереңдік қажет.
Сырықтардың дұрыс емес биіктікке орналастырылуы. Егер сырық тым жоғары орнатылса, киімге қол жеткізу қиын болады. Киім бөлмесін бойлары әртүрлі бірнеше адам пайдаланатын болса, реттелетін элементтерді немесе жоғарғы аймақтарға жетуге арналған қосымша құрылғыларды қарастырған жөн.
Сырық ұзындығында қосымша орынның болмауы. Ұзындығы бір метр болатын стандартты сырыққа ілгіште тұрған 15–20 киім сыяды. Алайда қысқы киімдер сатып алынғанда олардың көлемі ұлғаяды: мамық күртешелер мен пальтолар жейделерге қарағанда екі-үш есе көп орын алады.
Егер сырықтың ұзындығы тек қазіргі киім санына қарай есептелсе, келесі маусымда ол шамадан тыс толып, киімдер мыжылады. Сондықтан сырықтардың ұзындығын жоспарлағанда 20–30% қосымша орын қарастырған дұрыс.
Аймақтарға бөлудің болмауы. Заттарды санаттары бойынша бөлек сақтау аймақтары қарастырылмаса, киім бөлмесі тез арада ретсіз заттар жиналған орынға айналады. Киім түрлері мен маусымдары бойынша нақты аймақтарға бөлу қажетті затты табуды және тәртіп сақтауды жеңілдетеді.
Дұрыс жобаланған киім бөлмесі заттарды сақтау мәселесін ұзақ жылдарға шешуге мүмкіндік береді. Орынды дұрыс таңдау, тиімді жоспарлау, ойластырылған ішкі жабдықтау және сапалы жарықтандыру — ыңғайлы киім бөлмесінің негізгі құрамдас бөліктері.
Жиі кездесетін қателіктерден аулақ болу арқылы әр заттың өз орны бар, ал қажетті киімді табу оңай әрі жылдам болатын кеңістік жасауға болады. Модульдік жүйелер кез келген өлшем мен қажеттілікке сәйкес киім бөлмесін жабдықтауға мүмкіндік береді. Ал кәсіби кеңесшілер ең тиімді конфигурацияны таңдауға көмектеседі.
Сондай-ақ оқыңыз: Линолеум, ламинат немесе SPC-плитка: қандай еден жабынын таңдаған дұрыс
Жөндеу, пәтерді жайластыру және тұрғын үй таңдау туралы бұдан да көп пайдалы кеңесті Homsters қосымшасынан таба аласыз






